Өмірбаяны
Құсайынова Қорлан Тұрсынбекқызы 1966 жылы 26 ақпанда бұрынғы Семей облысы Шұбартау ауданы Бидайық селосында дүниеге келді. Екпін орта мектебін 1983 жылы бітірген соң, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ Педагогикалық институтының тарих факультетіне түсіп, оны 1988 жылы бітірді.
Тұрмыс құруына байланысты, Алматы облысы Алакөл ауданы Үшарал қаласына келіп, Ю. Гагарин атындағы орта мектепке тарих пәнінің мұғалімі болып орналасты. Кейін 1992 жылы Үшарал қазақ гимназиясы ашылғанда конкурстық негізде жұмысқа қабылданып, директордың ғылыми- әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары болып еңбек етті. Жанұясында екі қыз баланы тәрбиелеп отыр.
Құсайынова Қорлан Тұрсынбекқызының естелігі
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының Қазақстан тарихында алатын орны ерекше. Желтоқсан оқиғасы болған кезде "біз, жолдасым- Іңкәрбеков Мұрат екеуіміз, Алматыда Абай атындағы Қазақ Педагогикалық институтының тарих факультетін оқып жүрген кезіміз. Мен 4-курста, жолдасым 3-курста оқитынбыз. 1986 жылы желтоқсанның 17-сі күні таңертең, институтқа сабақта отырған уақытта даладан жастардың шуын естіп жүгіріп шықсақ, желтоқсанның 16-сы күні Казақстан Компартиясының бірінші хатшысы Д.А. Қонаевты орнынан алып тастағанын, оның орнына республикаға мүлдем бейтаныс адам Г.В. Колбиннің тағайындалғанын естідік. Бұл жағдай, әрине, ,,Отаным,, деп, жүрегі соққан кез- келген адамның ашу- ызасын туғызады. Сондықтан жастардың соңынан біз де, ешкімді тыңдамастан, ұмытпасам сағат 10-дар шамасында алаңға бардық. Барсақ алаңға жастар жинала бастапты. ,,Қазақстаным,, әнін ұран етіп, Қазақстанды қазақстандық азамат басқару керектігін айтып, жоғарыдағылардың бұл қылығына өз наразылығымызды білдірдік. Шеру бейбіт сипатта болды. Онда ешкімде мемлекеттік құрылысты жою, болмаса, басқа халықтарды қыру сияқты үндеулер таратқан жоқ. Алайда, авторитарлық, бұйрықтық режімге дағдыланған үкімет басшылары жастармен келісімге бармай, бірден күш қолдану арқылы саяси наразылықты қанға бояды. Жолдасым екеуіміз алаңда кешке дейін болып, кешкілік үстіміз өрт сөндіретін машиналардың суына малшынып, тоңып жатаханаға қайттық. Сол аралықта бізді фотоға түсіріп үлгеріпті. Ертеңіне жатахананың алдында күзет тұрғандықтан екінші қабаттың балкондарынан секіріп-секіріп қашып шығып алаңға барсақ алаңға кіру мүмкін емес, алаң қоршалған екен. Алаңда болған сәттерімізде жолдасымыз бірнеше рет фотоға түсіп қалған екенбіз кейіннен соның зардабын тартып, жарты жыл бойы әрбір айдың 16, 17,18 күндері қатаң бақылауда, орталықтан келген МҚК қызметкерлерінің сұрақтарында болдық.
Республика басшылығын орнынан алу- бұл 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының тек сылтауы ғана болды. Ал, наразылыққа жылдар бойы қорланып қалған себептер түрткі болғаны айғақ. Айта берсе, оның өзі үлкен бір әңгіме... Тоқ етерін айтсам Желтоқсан оқиғасы бұл тоталитарлық жүйеге қарсы болған көтеріліс дер едім".
Қазіргі Қазақстан кеңестік елдер аймағында көшбасшы ретінде белгілі. Мұны бүкіл әлем мойындауда. Қазақстан әлемдік қауымдастықта тең стратегиялық әріптес ретінде танылып, халықаралық беделді ұйымдардың жұмысына белсене ат салысуда.